Германияның батысындағы Трир көшелерінің бірінде көлік жаяу жүргіншілерді қағып, бесеуін құрбан етті. Олардың қатарында сәби де бар. Сондай-ақ, 15 шақты адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Полиция өкілдері көліктің ұсталғанын және жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлады. Күдікті 51 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Прокурордың айтуынша, ол мүмкіндігінше көп адамды қасақана қағуды мақсат еткен. Алайда оқиға себебі әлі белгісіз. Полиция күдіктіге қатысты саяси немесе діни мәліметтер жоқ деп мәлімдеді. Оның бұрын сотталмағаны ғана белгілі. Көлікті мас күйінде жүргізген күдікті психикалық есепте тұрған көрінеді. Германия канцлері Ангела Меркель қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты. Адам өліміне себепкер болған қылмыскерді түрмеге немесе психиатриялық мекемеге жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.