Пандемия кезінде көптеген бизнес тоқырауға ұшыраса да, Құрық портының тасы өрге домалады. Өткен жылмен салыстырғанда жүк тасымалы 15%-ға ұлғайған.
Ақтау қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан айлақта жыл он екі ай тоқтаусыз автокөлік пен теміржол және паром бағыттары жұмыс істейді. Боржақты–Ерсай теміржол желісі салынып, күре жол порт айдынына тіреледі.
Серік АХМЕТОВ, Құрық портының бас директоры
Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш қуанарлықтай. Жоспарды 3%-ға артық орындап, жүк тасымалы 15%-ға артты. Бұған пандемия кезінде көптеген бағыттың жабылуы сеп болды. Осы тұста біздің порт еурокөліктер мен жүк тасымалына шектеу қоймадық. Бұл жұмысты алда да жалғастырамыз. Арнайы экономикалық аймақ құрып, екі астық терминалын салу жоспары бар.
Құрық портындағы паром кешенінен жылына 2 миллион тоннаға жуық жүк өтуде. Ашылғалы бергі 4 жыл ішінде пароммен өткізу жолы жүйеге түсті. Құрық порты арқылы Баку–Грузия–Түркия, Босфор шығанағы Еуропа бағдарына шығуға болады. Осылайша Қазақстан барлық теңізге, оның ішінде Парсы шығанағына да шыға алады. Паром кешені астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, химиялық заттар мен басқа да жүктерді өткізіп келеді. Қазір портта 160 адам еңбек етуде.
Мұрат ИСАТАЕВ, аға диспетчер
Алғашқы коммерциялық паромды 2017 жылдың 24 наурызда қабылдадық. Ең алғашқы жүк 50 шақты вагон-цистерна болды. Бүгінгі таңда әртүрлі жүк жіберіп жатырмыз. Көбіне коммерциялық жүктер, мұнай, халыққа қажетті, аграрлық шаруашылығының жүктері.
Портта отандық флотты күшейту қолға алынуда. Жақында қос су көлігі жеткізілді. Әрқайсысының құны 130 млн теңге болады. Болашақта Махачкала, Анзалин, Әмірабад, Түркменбашы порттарына жаңа бағыттар ашып, дами түспек. Мұнда Каспий теңізінің логистикалық тізбегінің өткізу әлеуетін 2030 жылдары тасымал көлемін 6 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Сол арқылы жүктерді жеткізу мерзімін барынша азайтып, тасымал жағдайы жеңілдеп, тауар бағасы біршама төмендеуі әбден мүмкін.
Жақында Қазақстан тарихында алғаш рет Иран кемесі Құрық портына келіп тоқтайды. Сөйтіп тағы бір алып елмен экономикалық ынтымақ нығаймақ.