Бүгінде Маңғыстауда туризм саласын дамыту мақсатында кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Осы жұмыстардың нәтижесінде, биыл өңірге 117 мыңнан аса турист келген. Әкімнің айтуынша, Маңғыстау еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді.
Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысының әкімі
Осы жылдың екінші тоқсанында туризм саласында 1 млрд. теңгенің қызметі көрсетілген. Биыл өңірге 177 мың турист келген. Оның басым бөлігі жаз айларында тіркелді. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» теңіз курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 17 млрд. теңгеге 31 шақырым жол салынды. 58 км. газ, 10 км. электржелісі және 45 шақырым су құбырын тартудың бірінші кезеңі аяқталды.
Оның айтуынша, өткен 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 68,7 млрд. теңгеге жеткен. Қазіргі кезде жылы жағажайда жобаларды іске асырудың екінші кезеңі басталды.