Беларусь билігі Лукашенконың отставкаға кетуін талап еткен наразылық акциясына қолдау білдіргендерді қыспаққа алды. Қысым көрушілер мұны «биліктің кек алу әрекеті» деп атап отыр. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Сондай әрекеттердің бірі – Беларусь ғылым академиясының академигі, кардиолог Александр Мрочектің саяжайдағы үйіне қойылған өрт. Ол туралы дәрігердің ұлы хабарлаған. Қаскөйлер үй ауласындағы орындыққа қан түстес бояу жағылған қуыршаққа ота пышағын қадап, жазба қалдырып кеткен. Әйел адамның атынан жазылған қағазда Мрочектің науқастарға жаңа кардиостимулятордың орнына ескісін орнатқанын және өрттің сол үшін қойылғаны жазылған.
Кардиостимуляторға қатысты оқиға расымен де болған көрінеді. 2005 жылы республикалық Кардиология ғылыми-өндірістік орталығының бірнеше дәрігері науқастарға шетелдік құрылғының орнына Ресейде жасалған кардиостимуляторды орнатып, ақша жымқырды деген айып бойынша кінәлі деп танылған. Бірақ Александр Мрочек орталықты 2008 жылдан бастап басқарған. Биыл тамыз айында басшы қызметінен босатылған. Оған дейін ол полицияның шерушілерге қатыгездік танытуына қарсы шыққан. Құқық қорғау органдары үйді қасақана өртеу ісі бойынша тергеу жұмыстарын бастады. Алайда Мрочектер отбасы тергеу амалдарының дұрыс жүргізілетініне және қылмыскерлердің ұсталатынына сенбейді.