Жыл басталғалы адамның иммун тапшылығы вирусымен ауыратын үш науқас коронавирус жұқтырып, біреуі дүние салған. Мұндай жағдай марқұмның арнайы мамандардың көмегіне дер кезінде жүгінбеуінің салдарынан болып отыр. Бұл туралы Атырау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мамандарының қатысумен өткен брифингте айтылды.
Іргеден келген індет АИТВ жұқтырғандардың денсаулығын одан әрі әлсіретіп жіберген. Сондықтан орталықта АИТВ және КОВИД жұқтырудың алдын алу мақсатындағы жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлер жеке қорғаныш құралдарымен түгелдей қамтамасыз етіліп, аймақ таза және лас болып екіге бөлінді.
Әлфия ҚАРАБЕКОВА, Атырау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының инфекционист-дәрігері
Қазір ЖИТС орталығында 237 адам тіркелген. Соның ішінде 2015, 2016 жылы тіркелген 2 бала бар. Үкімет тегін ем береді. Кейбір адамдар иммунитеті төмен болған жағдайда ол вирус жұқтыруы мүмкін. Дәрі ішкеннің арқасында жеңіл өткізетін болады.
Қазір облыста АИТВ жұқтырған 356 адам тіркеуде тұр, олардың басым бөлігі – қалалықтар. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың мамандары әр адам өз денсаулығы үшін қан тапсырып, тегін әрі анонимді түрде кеңес алуға болатынын ескертеді.