Жақында маңғыстаулық жүкті әйелдің туыстары облыстық перинаталдық орталықта орын тапшы екенін айтып, аяғы ауыр аналардың дәлізде жатқанын жеткізген еді. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ресми жауабын берді. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында жүкті әйелдердің дәлізде жатқан жағдайы болды. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Дегенмен аяғы ауыр аналардың мәселесі дереу шешіледі. Соңғы екі күнде «Ана мен бала» орталығының жүкті әйелдерге арналған патология бөлімшесіне 39 әйел түскен.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Облыстық перинаталдық орталықтың сыйымдылығы 250 төсекке шақталған. Қазір медициналық мекемеде 277 әйел жатыр. Олардың дені – шалғай аудандардан келген және дерті асқынуы ықтимал тәуекел топқа жататын келіншектер. Бұдан бөлек, коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті және босанған 13 әйел бөлек изолятор бөлімшесінде жатыр.
Қазіргі уақытта барлық пациент палаталарға орналасқан. Дәлізде жатқан жүкті әйелдер жоқ. Осылайша уақытша қиындық шешілді. Ал ақхалаттылар тарапынан жүкті келіншектің туысқан апасына дауыс көтеріп, қысым көрсетті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Болған жағдайға байланысты жүкті әйелдердің басым бөлігі түсіністік танытып отыр.