Жаңа оқу жылы басталғалы Атырау облысында 13 шәкірт коронавирус жұқтырды. Бәрінен аурудың симптомы байқалмаған. Олардың 12-сі қашықтан білім алса, біреуі №16 мектепте кезекші сыныпта оқыған.
Кейін мектеп оқушылары мен ұстаздар түгелдей тексеріліп, ешқайсысына вирустың жұқпағаны анықталды.
Гүлназ ЕРБАТЫРОВА, Атырау облысының бас санитар дәрігерінің орынбасары
Бүгінгі күні бір жағдай 16-мектептен анықталды. Бұл мектеп бойынша сыныптың барлық оқушысы тексерілді, қарым-қатынаста болған оқушылар мен мұғалімдердің тест нәтижесі теріс мәнді көрсетті. Сонымен қатар, бұл оқушы 29-қазанда тіркеліп отыр, балалардың күзгі демалысқа шығуына тап келді. Індет табылды деген ошақ жабылды.
Мектеп оқушыларынан бөлек, Құрманғазы және Жылыой ауданындағы балабақшаларда қызмет ететін тәрбиешілерден ауру анықталып, бір бүлдіршінге жұққан. Оған қоса, қаладағы «Шаңырақ» балалар үйіндегі екі тәрбиеленуші дертке шалдыққан.
Гүлсара БОТАТАЕВА, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры
Екі тәрбиеленуші де вирусты мен арқылы жұқтырды деп ойламаймын. Себебі, симптомсыз ауырған бүлдіршін менің телефоным арқылы анасымен байланыс жасады. Мен ол кезде өзімнің дертке шалдыққанымды білмедім, балаға да сол кезде байланыс құралы арқылы жұққан шығар.
Бүгінде балалар ауылындағы ахуал тұрақты. Еске салсақ, республикалық ведомстваралық комиссия 5-сынып оқушылары үшін кезекті класс ашуға рұқсат бергенмен, соңғы шешімді өңірдің бас санитарына қалдырған еді. Ал эпидемиологтар кинотеатрлар ашық тұрғанда 5-сынып оқушыларының не себепті қашықтан оқу керектігін түсіндірді.
Гүлназ ЕРБАТЫРОВА, Атырау облысының бас санитарының орынбасары
Кинотеатрда белгіленген уақыт 30-40 минут отырады, оған қоса арақашықтық сақталған. Ал сыныпта 4-5 сабақ болғандықтан, балалар арасында арақашықтық сақталмау мүмкін.
Облыс бойынша 25 мыңнан астам оқушы 164 кезекші сыныпта білім алады. Мектептердегі санитария талаптарының сақталуын қадағалау үшін мобильді топ аптасына үш рет тексеріс жүргізеді.