Атырауда «Ұлы дала жауһары» көрмесі ашылды. Онда «Алтын әйел» бейнесі облыстық тарихи-өлкетану музейінің төріне қойылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, археологтарға алғыс білдірді.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі
Атырау өлкесінің қойнауы тек қазба байлығына емес, сонымен қатар, тарихи құндылықтарға толы. Төл тарихымызды түгендеу жұмыстары басты назарымызда болады. Топырағы тарихқа тұнған Атырау өңірін ұлттық кодты жаңғыртудың үлгісіне айналарына сенемін. Осы салада жүрген азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеймін.
Еске салсақ, осыдан үш жыл бұрын Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Қызылқоға ауданындағы қорғандарға қазба жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде, алтын жапсырмалар, ат әбзелдері, қола мен басқа металдан жасалған жебе ұштары секілді 250-ге жуық жәдігер табылды. Олардың құрамы мен салмағы анықталып, зертханалық зерттеулерден кейін экспонаттардың біздің эрамызға дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген әйелдің бұйымдары деген тоқтам жасалды.
Марат ҚАСЕНОВ, археолог
Біз алғашқы жоба бойынша 3 обаны қаздық. Бір обадан жақсы сақталған әйел адамның бейнесі шықты. Үстіндегі киімі, артефактар шығуы және көбі алтынмен жасалған екен және сырғасы, олардың қару-жарағы бәрі болды. Бұл бір кездері тоналғанымен, алтын әбзелдер, жебелер, әртүрлі ыдыс-аяқ, сонымен бірге, қоладан жасалған қазан шықты.
Қазба жұмыстарына 10 шақты музей қызметкері мен жергілікті жұмысшылар қатысты. Олардың сөзінше, үш обаны қазуға бір жарым ай уақыт кеткен. Дегенмен ерең еңбек өз нәтижесін берді.
Алтын әйел адам бейнесінің жасалуы – музейдің соңғы үш жылдағы ең үздік нәтижелерінің бірі. Әйтсе де, археологтарды 700-ден астам зерттелмеген оба күтіп тұр.