«Сарайшық» коммуналдық базарының алдында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай жәрмеңке ұйымдастырылды. Ауқымды шарада азық-түлік өнімдерінен бөлек қой мен ірі қара сатылды.
Әдетте, мал базарында бағасы кемінде 60 мың теңге болатын қой мұнда 40 мыңнан саудаланды. Игі шараға облыс аудандарындағы шаруа қожалықтары түгелдей қатысты.
Жәрмеңкеге келген 62 шаруа қожалығы 170 тоннаға жуық өнім әкелген. Бұдан бөлек, 50 бас ірі қара мал сатылымға шықты.
Ақкенже САТАШОВА, сатушы
Жуаның келісі – 60, ал қызылша мен сәбіз 70 теңгеден. Базармен салыстырғанда бірнеше есе арзан. Қанша дегенмен жәрмеңкенің аты – жәрмеңке.
Ал шараға жауаптылардың сөзінше, облыстағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биылғы егін пандемияға қарамастан жақсы шыққан. Сондықтан осы жолы тағамның барлық түрі қамтылды. Атап айтар болсақ, көкөністер, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа мен балық та бар.
Қайрат НҰРЛЫБАЕВ, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
Егін науқаны аяқталып жатыр. Биыл өнім жақсы алынды. Былтырғыдан артық. Пандемияға қарамастан, ауыл шаруашылығында бірталай жұмыстар атқарылды. Барлық саласында да өрлеу бар.
Басқармадағылардың сөзіне сенсек, мұндай кең көлемді жәрмеңке жиі ұйымдастырылмағанмен, қала көлеміндегі шаралар әр апта сайын өткізілмек.