АҚШ-тың Аляска штатында бюллетеньдердің басым бөлігі саналғаннан кейін Дональд Трамптың көп дауысқа ие болғаны хабарланды. Оның Аляскада жеңіске жететінін сарапшылар алдын ала болжаған еді.
Бұл штаттағы жеңісті қосқанда Трамп сайлаушылар алқасының 217 дауысын жинады. Бірақ қарсыласы Джо Байденнен айтарлықтай артта келеді. Қазіргі таңда демократ Байденде 279 дауыс бар. Бұл көрсеткіш президент ретінде сайлануға қажетті межеден асады. Аризона мен Джорджия штатында да дауыс санау әлі аяқталған жоқ. Ал нәтиже әлі белгілі бола қоймаған Солтүстік Каролинада Трамп жеңіске жақындап келеді.
Президент сайлауының ресми қорытындысы әлі шықпағанымен, жергілікті ақпарат құралдары Байденнің жеңіске жеткенін жарыса жазуда. Көптеген ел басшылары да жаңа президентті құттықтап үлгерді. Трамп болса сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартты. Оның сайлау штабы сайлау нәтижесімен келіспейтін штаттарда сотқа арыз түсірген. Бірақ соттардың басым бөлігі арыздарын кері қайтарған. Ал Джо Байден мен оның командасы федералдық үкіметті бақылауға алу дайындығына көшіп кетті.