Қалнияз жырау Шопықұлының «Ер Қармыс» жыр-дастаны бұған дейін түрлі жинақтарға енгенімен, «SABU Productions» орталығының бастамасымен алғаш рет жеке кітап ретінде басылып шықты. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
Кітапта Қармыс батырдың ерлігі, халқымыздың ұлт болып қалыптасу жолындағы тарихи сәттері мен Отан алдындағы жанқиярлық қайраткерлігі жан-жақты баяндалған.
Сандуғаш ТАҒАБЕРГЕНОВА, «Ер Қармыс» кітабын шығарушы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұрынғы тарихиымыздан сыр шертетін дастан қазіргі жастарға лайықталып көркем безендірілген. Ер Қармыс Бекболатұлы – тарихи тұлға. Ол жайында ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Эпостық жыр бүгінге ауызша жеткендіктен, бұл дастанның бірнеше нұсқасы сақталған. Алайда біз оның барынша толық нұсқасын таба білдік. Кітапты шығармастан бұрын текстологиялық жұмыстармен айналысып, екі жылдай уақыт бойы зерттедік.
10 мың тиражбен жарық көрген, түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітап, әсіресе, балалар үшін қызықты болмақ. Себебі, дастандағы түрлі оқиға желілері әдемі суреттермен шебер астастырылған.
Қуаныш РАХИМОВ, суретші
Кітапты бірнеше рет оқып шықтым. Суреттердің кейбір тұсын тарихшы, этнографтармен ақылдаса отырып салдым. Бастысы, батырдың келбетін, тұлғасын бере білуім керек болды. Кітапты оқу барысында ата-әжелеріміз айтып отыратын батырлар жайындағы аңыз, әңгімелер еске түсті. Суреттерді салуға 5-6 айдай уақыт жұмсадым.
«Ер Қармыс» кітабын жарыққа шығарушылар алдымен ақын Светқали Нұржаннан жан-жақты мағлұмат алған. Өткен ғасырдағы тарихтан сөз қозғап, жырдың құндылығын деректі оқиғалармен байланыстырып ұштастырған.