Жылыой аудандық «Атамұра» мұражайында белгілі журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қаржау Оразбаев пен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қайырғали Ермекұлына арналған «Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі» кеші өтті.
Қарымды қаламгер Қаржау Жағалбайұлы мен Жылыой аудандық мәслихатының негізін қалаған Қайырғали Ермекұлы бір жылда дүние есігін ашты. Бірі туған жерінің қасиеті мен киесін төгілте жырласа, енді бірі – ел мүддесі үшін елеулі еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер. Мұражай төрінде арнайы бұрыш жасақталып, қос тұлғаның көзі тірісінде қолданған бұйымдары мен кітаптары, тағы да басқа тұтынған дүниелері қойылды. Ал кеш тізгінін ұстаған белгілі ақын Бүркіт Базарбаевтың өмірден мезгілсіз озған ағалары жайында айтары таусылар емес.
Қаржау Оразбаев Жем жағасында туып-өсті. Аудандық «Кең Жылыой» газетінде корректорлық қызметтен бастап, бас редакторлыққа дейін көтерілді. Теңіз мұнай-газ кешенін игеру кезеңінде жазған очерктері циклы мен проблемалық мақалалары жоғары бағаға ие болып, республикалық конкурстың жеңімпазы атанды. Қызметінің жемісті жылдарында көптеген алғысхатпен марапатталды. Ал өмірінің маңызды кезеңдерін халқының тұрмысы мен әлеуетін көтеруге арнаған, әлеуметтік салада да абыройлы іс атқарған Қайырғали Ермековтың жақсылығы мен даналығына куә болғандар жетерлік. Оның қиын тұста әріптестерін тығырықтан алып шығатын ақылдылығына, ұқыптылығы мен жауаптылығына артынан ерген буын қайран қалысып, бой түзеген.
Салтанат МҮЛІКБАЕВА, Қайырғали Ермекұлының жары
Қайрекең 1975 жылы ҚазҰУ-ді бітіріп, Ақтауға инженерлік жұмысқа шықты. Одан кейін қарт ата-анасының ұйғарымымен ауылға келіп, мектепте мұғалім болды. Одан кейін аудандық партия қызметкерлігіне шақырылып, зейнеткерлікке қалғанша партия қызметкері, мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеді. Қайрекеңнің ерекше қасиеті – өмірде адал. Өз басым оны мемлекеттік қызметті ең адал атқарған қызметкер деп есептеймін.
Еске алу кешінің жоғарғы дәрежеде өтуіне аудан өнерпаздары да белсене атсалысты. Көрермендердің құлақ құрышын қандырып, санаға ой тастар ән мен күйді тарту етті. Шара соңында Бүркіт Базарбаевтың Қайырғали Ермековтың өміріне арнап жазған «Тұғырлы тұлға» кітабы мен Қаржау Оразбаевтың ел естімеген жырларынан құралған туындыларының тұсауы кесіліп, аудандық кітапхана мен мұражайға сыйға тартылды.