«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шағын және орта бизнес кәсіпкерліктері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл туралы Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Мұқанбетжан Көбеген мәлім етті, – деп хабарлайды МаңғыстауМедиа.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерге өз бизнесін ашуға немесе кеңейтуге 20 млн теңгеге дейін микронесие беріледі.
Мұқанбетжан КӨБЕГЕН, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары
Атап айтар болсақ, инвестициялық мақсаттар үшін 3 жылға 20 млн, айналым қаражатын алу үшін 2 жылға 5 млн теңгені құрайды. Жалпы, «Даму» қорының тарапынан берілетін кепілдік – 85 %, қалған 15%-ы екінші деңгейлі банк арқылы өтеледі.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы Гүлжан Қалымбетованың айтуынша екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары беретін шағын несиелерге портфельдік субсидиялар мен кепілдіктер механизмі қолданылады.
Гүлжан ҚАЛЫМБЕТОВА, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы
Мәселен, осы бағыт аясында кәсіпкер 20 млн. теңге болатын несиені қосымша кепілдіксіз, Даму қорының кепілдігіменғана алу мүмкіндігіне ие болды. Банк, болмаса микроқаржы ұйымы несиені 17,5% береді, оның 6%-ын кәсіпкер төлеп, 11,5%-ын «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Жаңа механизм аясында қаржы ұйымдары субсидиялау және кепілдендіру бойынша шешімді өздері қабылдайды, бұл өз кезегінде өтінімді қарастыру уақытын қысқартады.
Осы жеңілдіктерді алу үшін, алдымен кәсіпкердің несие тарихы тексеріледі. Бағдарламаға қатысу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгіну қажет. Олардың тізімі www.damu.kz сайтында орналастырылған.