Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған эстафета Жылыой ауданынан мұнайлы Мақат өңіріне табысталды. Байтақ қазақ жерінде келісім мен жалпы ұлттық тұтастықтың дара жолына бастаған Ассамблеясының құрылғанына биыл ширек ғасыр толды.
Осы атаулы датаға орай жыл басында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мерекелік эстафетаны Жылыой ауданына жолдаған болатын. Дегенмен елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жоспарланған шараны өткізуге тосқауыл қойылды. Бүгінде облыс аумағында жарияланған карантиннің жеңілдеуіне байланысты Жылыой ауданы әкімі бастаған делегация апта басында Мақат ауданына табан тіреді.
Кеш барысында орыс, башқұрт, ұйғыр, украин, өзбек, татар ұлттарының ұлттық тағамдары және қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Мінберде сөз бастаған аудан әкімі Шәкір Кейкін құттықтау сөз сөйлеп, жылыойлықтар жалғаған эстафетаны салтанатты түрде қабыл алды. Мерекелік шара одан әрі аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.
Бүгінде ауданда он этнос өкілдерінен құралған 600-ге жуық өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ал Кең Жылыой ауданынан қабылданған эстафетаны мақаттықтар енді киелі Қызылқоға ауданына жеткізбек.