Қырғызстанның қолданыстағы заңына сәйкес, мемлекет басшысының міндетін атқарушы тұлға президент сайлауына қатыса алмайды. Ал Садыр Жапаров өзінің сайлауға түсу-түспеуі әзірге белгісіз екенін айтты. Бүгінде парламентте президент сайлауына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарлануда. Егер соның нәтижесінде президенттің міндетін атқарушыға сайлауға қатысуға рұқсат берілетін болса, Жапаров саяси додада бақ сынауға бекініп отыр. Орталық сайлау комитеті парламент сайлауы 20 желтоқсанда, ал президент сайлауы 2021 жылдың 17 қаңтарында өтуі мүмкін деген болатын. Еске салсақ, 6 қазан күні наразылық акциясының нәтижесінде парламент сайлауының қорытындысы жарамсыз деп танылған еді. Ал 15 қазан күні мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков өз еркімен отставкаға кетті. Конституцияға сәйкес, президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда билік Жоғарғы Кеңестің төрағасына өтеді. Алайда Қанат Исаев ол қызметтен бас тартып, билік премьер-министрге тиді.