Төбеттердің төбелесі түсірілген бұл видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Төртаяқтыны қатыгездікпен талату, еркінен тыс азаптау оқиғасы жануарларды қорғау өкілдерінің ашу-ызасын туғызды. Жергілікті сайттардың мәліметінше, оқиға Жаңаөзен шаһарының маңында болған. Ал тәртіп сақшылары мұның осыдан екі жыл бұрын түсірілген кадрлар екенін айтады. Дегенмен әлі күнге ешбір шара қолданылмай жатыр.
Әйгерім ИБАТУЛЛАЕВА Маңғыстау облысы полиция департаментінің бөлім басшысының міндетін атқарушы:
2020 жылдың 18 қазанында Instagram әлеуметтік желілерін бақылау кезінде иттердің жекпе-жегі туралы видео жарияланды. Жаңаөзен қаласының полиция қызметкерлері ғаламторда жарияланған видеоның авторын анықтады. Жас жігіт бұл бейнені 2017 жылы түсіргенін айтты. Шара Батыр ауылына жақын жерде өткен.
Ал жануарларды қорғау қорының өкілдері болса мүлдем басқа пікірде. Олар осы ит төбелесінің өтетіні туралы бір ай бұрын желіде хабарланғанын айтады. Қордың қызметкері Ольга Бахтееваның сөзінше, мұндай чемпионаттар әр күз және көктем мезгілінде өтеді. Оған биылғы карантин де кедергі бола алмапты.
Ольга БАХТЕЕВА «Шанс» қоғамдық қорының қамқоршысы
Егер сіз осы бейнежазбаны мұқият зерттесеңіз, бетпердемен жүрген адамдарды көресіз. Бірі қолдан тігілген, тағы бірі медициналық маскамен келген. 2017 жылы қайдағы бетперде?! Бұл мүлдем қисынсыз. Бірнеше жыл бұрынғы видеоны мақтанып қазір көрсету ақымақтық деп санаймын. Егер бұл бейне телефонда болса, тергеу барысында оны жазылған күнімен салыстыру қиын емес.
Бейресми деректерге сүйенсек, бір итке тігілетін жүлде 1 мың АҚШ долларына дейін барады. Бұл мәселеге нақты тоқтам заң қатаңдаған кезде ғана табылатын болар. Әзірге «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жоба Парламенттің қарауында жатыр.