Әлемге әйгілі жиһанкез Нури Фунас Атырауға табан тіреді. Ливиялық саяхатшының баспаған тауы, бармаған жері жоқтың қасы. Ол соңғы сапарында Жапониядан Қазақстанға дейінгі аралықты 3 жыл бойы жүріп өткен.
Мамыр айында Ресейдің солтүстігіне жетем деген жолаушының жоспарына пандемия кезеңінде шекаралардың жабылуы кедергі болыпты. Уақытын бос өткізбеуді ойлаған Нури жаяу жүріп біздің байтақ даламызбен танысуға бел буған екен.
Нури ФУНАС, жиһанкез
Қазақстандағы сапарымда маған әрдайым жылы жүзді адамдар жолықты. Солар тамаша жерлерді көруіме сеп болып, бағытым үнемі өзгеріп отырды. Ойлаған жеріме жетуіме көмектесіп қана қоймай, қажет нәрселермен қамтамасыз еткеніне дән ризамын. Тіпті қазақтар берген тамақтың әсерінен толықсып кеттім десем де болады.
Нури Фунас 20 жыл бойы әлемнің 140 елін аралаған. Осы жолдағы мақсатым – адам өміріндегі достықтың, махаббаттың, жақсылықтың маңыздылығын көрсету дейді ол.
Нури ФУНАС, жиһанкез
Дүние жүзінде қанша адам болса, сонша жағдайлар болып жатыр. Ал мен адамдарды олардың нәсіліне, ұлтына, діни көзқарасына қарамастан жақсы көремін және мендегі махаббатқа толы мақсаттың соғыс атаулыны жеңе алатынына ешқашан шүбә келтірген емеспін.
Табанынан тозған саяхатшының ендігі бағыты – Маңғыстау облысы. Ол Ақтауға қарт Каспий үшін сапар шеккісі келетінін жасырмады. Кейін визасын ұзарту мақсатында Елордаға барып, ары қарай Ресей мен Украина арқылы туған жеріне аттанбақшы.