Дамбы ауылындағы Жангелдин көшесінің тұрғындары жарық шамына жарымай отыр. Жергілікті халық жағдайдың толық мән-жайын 3 жылдан бері білмей келеді.
Өздерінің айтуынша, ұзын көшенің бір басынан басталған асфальт төсеу жұмыстары жарты жолға дейін жүргізілгенмен, қалған бөлігі сол күйінде қалған. Дегенмен кейін тасжол тұрғындар күткен қалыпқа келсе де, жарық тарту әлі кешігуде.
Тұрғындардың таудай талабын арқалаған біз ауыл әкіміне барғанбыз. Басшының сөзінше, жұмыс жоба бойынша жүріп жатыр. Ал көше шамдары жаңа асфальтпен бірге орнатылатындықтан кезінде кейінге қалдырылған.
Ұзақбай БАЙЗУЛЛИН, Дамбы ауылдық округінің әкімі
Дамбы ауылдық округ бойынша 9 көше жарықпен қамтылуы тиіс. Бұл жөнінде осы жылдың басында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өтініштер болған еді. Қалалық ТКШ бөліміне ұсынысымызды бердік. Қазір мәселе қаралу үстінде . Бірақ төртінші кезең бойынша 2021–2022 жылдары салынатын болады.
Әкімнің сөзінен ұққанымыз, әлеуметтің әлі де қауіп-қатерге толы қараңғы көшемен жүруіне тура келетін сыңайлы.