Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау. Осыған орай, Жылыой ауданында партияішілік сайлау аясында жергілікті проблемаларды білетін және оның шешілуіне атсалысатын белсенді азаматтар пікірсайыс өткізді.
Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Халел Жамалов қатысты. Екі раундтан тұратын жария дебаттың бірінші бөлімінде кандидаттар елдімекендердің проблемаларын шешу бойынша нақты идеялар айтса, екінші бөлімі сұрақ-жауап форматында өтті.
Алыстан арбалауды құп көрмейтін жылыойлық кандидаттар пікірсайыс барысында мемлекет деңгейіндегі емес, әуелі аудан көлемінде шешілмей жүрген негізгі проблемаларға назар аударды. Нақтырақ айтсақ, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, жұмыссыздық, инфрақұрылымды дамыту сынды әңгімелер қызу талқыға салынды.