Атырауда өндірістік кооператив басшылары мен балықшылар бір бағаға келісе алар емес. Әдетте күз келсе баға көтеріледі деп қуанатын олардың биыл жұмыс жасайтын құлшынысы жоқ.
Өйткені, кооперативтер осыған дейін бір келісі 250 теңгеге бағаланған сазанды 150 теңгеге саудалап отыр. Ал балықшылар ол шыққан шығынымыз бен еңбегімізді өтемейді деп шағымдануда.
200-ге жуық балықшы кооперативтер бағаны көтермесе, жұмысқа шықпаймыз деп кесіп айтты. Осылайша, бірнеше күннен бері ереуілдеткен топтың ісіне жергілікті билік араласты. Дамбы ауылдық округінің әкімдігінде кездесу өткізіп, он шақты кәсіп иесімен мәселені шешуге тырысты. Жиын жабық есік түрінде өтіп, журналистер кіргізілмеді. Екі сағаттық кездесуде қанша шырылдаса да, балықшылардың талабы қанағаттандырылмады.
Кооператив басшыларының да айтары бар. Олар сауданың жүрмеуіне байланысты бағаны көтере алмаймыз дейді. Ал балық сақтайтын тоңазытқыштар болса су маржандарына лық толы.
Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ, балық өндірістік кооперативінің басшысы:
Сауда жоқ, шетелден сұраныс жоқ, той-садақа жоқ. Мектеп, балабақша жабық. Базарлар жаз бойы ашылмады. Осыдан кейін балықты қайда жібереміз? Көктемде аулаған балық үшін балықшының бәріне төлеп шықтық. Бірақ сол балық қоймаларда әлі жатыр. Атыраудағы мұздатқышта 100 тонна болса, Алматыдағыда 200 тоннадай сазан сары майдай сақтаулы тұр.
Жергілікті атқамінерлер жағдайдың уақытша екенін айтып, мәселе көп ұзамай шешіледі деп қысқа қайырды.
Артур СӘДІБЕКҰЛЫ, Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:
Қолданыстағы кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органның табиғат пайдаланушылар мен балықшылар арасындағы бағаны қалыптастыруда араласуға құқығы жоқ. Алайда өздеріңіз көріп отырғандай келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Қайығы мен қармағы күзгі маусымға сақадай сай тұрған балықшылардан жұмысқа шығатын рең байқалмайды. Мұнымен лимит орындала ма, жоқ па – белгісіз. Анығы, биылғы 18 мың лимиттің көктемгі маусымда тек 6 мыңға жуығы орындалған. Балықшылардың теңізге шықпағанына бір апта өтті. Ашынған халықтың базынасын билік жақын күндері шешіп беруге уәде берді.