Грекия билігі босқындардың Лесбос аралындағы Мория лагерін өртеп жіберді деген күдікпен алты адамды ұстады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ұсталғандар — Ауғанстан азаматтары, екеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Өрттен кейін олар құрлықтық Грекияға эвакуацияланды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Лесбостағы мигранттарға арналған жаңа лагерьдің құрылысын көру үшін Еуропалық Одақ төрағасы Шарль Мишель арнайы барды. Төраға Еуроодақтың Грекиядағы мигранттар проблемасын шешуге мүдделі екенін айтып, оны ортақ еуропалық проблема деп атады.
Сейсенбі күні Лесбостағы ең ірі қала Митилиниде солшыл партиялар мен кәсіподақтардың ұйымдастыруымен демонстрация өткен. Шерушілер қоныс аударушылар Еуропа елдеріне тұрақтап, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алуы тиіс деп санайды.