Атырау қаласындағы уақытша ұстау изоляторында неке қию рәсімі өтті. Екі жастың үйлену тойына жиналғандар әдеттегіден аз болса да, мерекелік торт пен неке сақина шараның шырайын келтіріп тұр.
Күйеу жігіттің сөзінше, жарымен таныстығы бір жыл бұрын басталған. Темір тордың ішінде отырып жасаған ұсынысты келіншегі бірден қабыл алыпты. Оның үстіне жас отбасы алдағы уақытта жаңа адаммен толықпақшы.
Қалыңдық күйеуін тосатынын жеткізсе, күйеу жігіт онымен қалай танысқанын айтып, ағынан жарылды.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бұл түрмедегі алғашқы той емес. Себебі, үйленуге ешкім тыйым салмаған, бірақ карантинде түскен өтініштер бұрынғыдан аз.
Айгүл ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, УГ157/1 бастығының орынбасары:
Мекемеде мұндай шаралар жиі өтеді. Алдымен АХАЖ-ға өтініш тастау қажет. Жастарға көтерген шаңырақтары берік болсын дейміз.
Карантиндік шектеулер босаңсыған бойда бас бостандығынан айырылғандарды жақындарымен жолықтыруға рұқсат беріледі. Демек Денистің де дүние есігін ашатын перзентімен қауышатын күні алыс емес.