Атыраудағы емханалар тұмауға қарсы екпе салуға дайындықты бастады. Биыл мұнайлы өңірдің 60 мың тұрғыны үшін тегін вакцина сатып алынған. Оның 33 мыңы шаhар халқына бөлініп отыр. Қалалық №1 емханаға өткен жылы 3000 мың доза берілсе, биыл 5 мыңы бөлінді.
Өміргүл ҚОСТАЕВА, Атырау қалалық №1 емхананың эпидемиолог-дәрігері:
– Вакцина бірінші кезекте тәуекел топқа жататындарға салынады. Бұл дегеніміз диспансерлік есепте тұрған және алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемедегі тұрғындар. Ал қалғандары өздерінің қауіпсіздігі үшін ақылы екпеге жүгіне алады.
Вакцинациялаудан бас тартатындар да жоқ емес. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы мобильді топ бөлінген. Ал мамандар екпенің құрамына алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Әсел Мұқаеваның айтуынша, вакцина «Гриппол плюс» деп аталады. Ресейде өндірілген. Қорқатыны жоқ, құрамы антигендерден тұрады.
ЖРВИ, тұмау секілді аурулар дәл осы күз айларында қозады. Бұл дерт еңбектеген баладан еңкейген қарияны да айналып өтпейтіні белгілі. Дәрігерлер ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, алдын ала түрлі дәрумен ішіп, спортпен шұғылдануға кеңес береді.
Айнагүл ШАЛУМОВА, Атырау қалалық №1 емхана директорының орынбасары:
– Әр дәріні ішер алдында дәрігермен келіскеніңіз дұрыс. Соның ішінде аскорбин қышқылы, ревит деген сияқты дәрумендерді 1 ай бұрын дәріханадан сатып алып, қорықпастан қабылдауларыңызға болады.
Екпе салу қыркүйектің 15-інен басталады. Тәуекел топқа жататындар өзінің тұрғылықты жеріндегі емханадағы ақхалаттылардың көмегіне жүгіне алады. Ал өзінің денсаулығына алаңдаған кез келген атыраулық вакцинаны профилактика үшін ақылы түрде салдырта алады.