Жол-көлік апаттарына бақташысыз жайылатын төрт түліктің де әсері болатынына көптеген статистика дәлел. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті қажетті шараларды қолға алуда.
Апаттың алдын алу үшін жергілікті полицейлер елдімекендердің арасындағы тасжолдарға күні-түні бақылау жасап, қараусыз малды қайырумен жүретінін әркім біле бермейді. Сондай-ақ, жануардың иесі кім екенін анықтап, олармен түсініктеме жұмыстарын жүргізеді. Жағдай қайтала берсе, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға да қақылы.
Қазіргі уақытта адамдармен қатар жылқы, түйе, сиыр малдары көп жүретін жерлерге арнайы шамдар мен ерекше жарық орнатылып, қатты дыбыс шығаратын жолақ төселген. Сонымен қатар, «КазАвтоДор» мекемесі жолдың бірнеше жеріне жануарларды үркітуге арналған ультрадыбысты құрылғы қондырып, сымды және электрлі қоршау жасаған көрінеді.
Полицейлер қауіпсіздікке арналған осындай шаралардың әлі де жалғасатынын айтады. Дегенмен төрт түліктің мойнына жарыққа шағылысатын жіп орнатып қоюдың пайдасы мол екендігін де ескертеді.