Атырау облысының балық аулаудағы үлесі еліміз бойынша жалпы кәсіпшіліктің 29%-н болады. Алайда өңіріміз балық өсіру бойынша соңғы орындардың бірінде орналасқан. Балық өсіру үлесі – жалпы қазақстандық өндірістің 0,1%-ы.
Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, облыс әкімдігінің тапсырысымен 2019 жылдың қазан айынан бастап «Казэкопроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Аквамәдениет және биоалуантүрлілік жағдайын зерттеу негізінде Каспий теңізінің және Жайық-Каспий су шаруашылық бассейні балық ресурстарын молықтыру бойынша ғылыми негізделген шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеудің мақсаты – балық шаруашылығын дамыту және Атырау облысының және Каспий теңізі жанындағы акваториясындағы су айдындарындағы су жануарларының биоалуантүрлілігін сақтап қалу жөніндегі шараларды жасақтау.
Осыған дейін Жайық-Каспий бассейнінің су ресурстарының қазіргі жай-күйі зерттелді, су айдындарының гидрологиялық, гидрохимиялық және токсикологиялық көрсеткіштерінің көпжылдық динамикасына талдау жүргізіліп, су ресурстарының негізгі проблемалары анықталды. Қазір су ресурстарына теріс әсерді азайту, оларды қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар әзірленген.
Өңірдегі қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға, сондай-ақ Жайық-Каспий бассейніндегі экологиялық жағдайға және ластанудың негізгі көздеріне талдау жасалып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға сипаттама беріліп, қорғалатын түрлердің қазіргі жағдайына баға берілді.
Одан басқа, аймақтағы балық саласы үшін кадрлар даярлау жағдайы зерттелді. Аквакультура және фермерлік балық шаруашылығына маман даярлауда жұмысты күшейту бойынша ұсыныстар берілді.