«Самал» тұрғын үй массивінен Жаңа қоныс тұрғын үй массивіне дейін жалпы ұзындығы 2,2 шақырым болатын жол құрылысы басталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылдық округінің әкімі Жамбыл Құрманов айтты, деп хабарлайды Маңғыстаумедиа сайты.
Жамбыл ҚҰРМАНОВ, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:
– Болашақ тұрғын үй массивіндегі 1,3 шақырымды құрайтын айналма автомобиль жолының және Ақтау–Маңғыстау, Ақтау–Ақшұқыр автомобиль жолына қосылатын 4,3 шақырымдық жолдың құрылыс жұмыстары басталды. Аталған құрылыс жұмыстары келісімшартқа сәйкес аяқталатын болады.
«Рахат» тұрғын үй массивінде орналасқан «Мейрамгүл» дүкенінен бастап Ақтау қаласы, Шығыс-1 ықшамауданына дейін 2 шақырым болатын және №9 орта мектептен Ақтау–Жаңаөзен бағытындағы автомобиль жолына дейін 3 шақырымдық жолдардың жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті.
Ауылдық округ аумағына 15 дана бағана және 75 дана көше жарықшамы орнатылды. Ал Ақтау–Маңғыстау бағытындағы орталық жол бойына 74 дана лед жарықшамы мен әсемдікке арналған 74 жарық қойылды.