Атырауда Әли Оқаповқа қызын ұзатқан отбасыға айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әлеуметтік желідегі түрлі парақшаларда эстрада әншісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың атыраулық аруға үйленген сәтінен фотолар жарияланған еді. Онда әншінің ұлы «Асыл» тобының мүшесі Ақерке Бүркітбаймен шаңырақ көтеру сәті бейнеленген еді.
Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің той, отбасылық жиындар өткізуге шектеу салғанына қарамастан, 19 тамызда Атырау қаласының «Самал» ықшамауданындағы жеке үйде өткен отбасылық қыз ұзату шарасына бірнеше адамнан тұратын тума-туыстар жиналған. Осыған орай, карантин талаптарын бұзған отбасыға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы, 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 40 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.