CaspianLife. 23 қараша. Маңғыстау облысындағы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде Үстірт муфлондары мен қарақұйрықтардың саны артқан. Бұл жануарларды күзгі есепке алу қорытындысы бойынша белгілі болды. Бір жыл ішінде Үстірт муфлондарының саны 11%-ға өсіп, 1371-ге жеткен. Ал қарақұйрықтар саны 25%-ға артып, 142-ден 177-ге дейін көбейген.
Жойылып кету қаупі бар тұяқты жануарларды есепке алу жұмыстары 2026 жылғы 28 қазан мен 4 қараша аралығында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес жүргізілген.
«Жабайы жануарлар мен құстарды сақтау және көбейту мақсатында біз оларды тұрақты түрде есепке алып, мониторинг жүргіземіз. Сондай-ақ мекен ету ортасының жағдайын бақылап отырамыз», – деді парк маманы Саламат Қанбаев.
Мамандардың айтуынша, паркте жабайы жануарлар жылына екі рет – көктемде және күзде есепке алынады. Жиналған мәліметтер сирек кездесетін жануарлар санының өзгерісін бағалауға және оларды қорғау шараларын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Аружан Сисенова, Маңғыстау облысы
Фото: drive2.ru

