CaspianLife. 23 қараша. Атырауда күрделі жөндеуден өткен №2 қалалық сот ғимараты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, облыс әкімі Болат Ақшолақов, сот жүйесінің өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Ғимарат 1970 жылы салынған. Оны қайта жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қаржыландырылып, жүзеге асырылды. Аумағы 2 мың шаршы метр болатын нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп, қасбеті жаңартылды және конференц-зал жабдықталды. Ғимаратта алты сот отырысы залы, судьялар мен аппарат қызметкерлеріне арналған кабинеттер, сондай-ақ адвокаттар, медиаторлар мен прокурорларға арналған жеке бөлмелер қарастырылған.
«Бұл ғимарат әділдік туы биік желбірейтін, азаматтар әділ әрі заңды шешімдер қабылданатын орын болады деп сенемін. Атырау өңірі мен үшін ерекше қымбат. Бұл – өңірге жасаған үшінші ресми сапарым. Алдыңғы жолы азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған сот ғимаратын ашқан едік. Енді қылмыстық істер жөніндегі сот жаңа ғимаратта жұмысын бастады», – деді Асламбек Мерғалиев.
Болат Ақшолақов Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын атап өтті.
«Заң мен тәртіп қағидаты – қоғамдағы тұрақтылықтың, қауіпсіздік пен әділдіктің негізі. Оны жүзеге асыруда сот жүйесіне ерекше міндет жүктелген. Заң үстемдігін қамтамасыз ету азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында сот төрелігінің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайту мәселелері де талқыланды.
Альбина Ізғалиева, Атырау

