CaspianLife. 20 қараша. Атыраулық алтыншы сыныптың екі оқушысы Алан мен Абылай көшеден шамамен 500 мың теңгесі бар әмиян тауып алып, бірден полицияға тапсырды. Адал әрекеті үшін оқушыларға алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды.
Балалар олжаларын еркін күрес үйірмесінен үйге қайтып келе жатқанда тапқан. Олар ақшаны өздеріне қалдыруды ойламаған. Абылай Амантайұлы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Күрестен шығып келе жатқанда досым Алан туған күнін атап өтпек болған еді. Сол кезде ол жерден әмиян тауып алды. Ішінде бірдеңе бар екенін байқап, ашып қарасақ, толған ақша екен. Сәл аялдап, күттік. Содан алыстан полиция көлігін көрдік. Мен оны тоқтатып, жағдайды түсіндірдім. Ақшаны санамадық, ештеңесіне тиіспедік, барлығын сол күйі тапсырдық», – деді оқушы.
Полиция қызметкерлері әмиянның иесін анықтап, жоғалған затты қайтарды. Балаларға алғыс хаттар мен арнайы сертификаттарды облыстық полиция департаментінің бастығы Оңал Бекев табыстады. Ол оқушылардың адал әрекетіне жоғары баға берді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров балалардың бұл әрекетін олардың полицияға деген сенімімен, сондай-ақ отбасында ата-анасы мен мектепте ұстаздарынан алған тәрбиесімен байланыстырды. Ол әмиян иесінің қалай табылғанын да айтып берді.
«Біріншіден, бұл жерде балалардың полицияға деген сенімі байқалды. Екіншіден, ең бастысы – үйде ата-анасынан, мектепте ұстаздарынан алған тәрбиесі көрініс тапты. Әмиянның иесі табылды. Ол балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Біз барлық бейнебақылау камераларын қарап, әмиянның қалай түсіп қалғанын анықтадық. Кейін оны тауып, иесін шақырдық. Ол затын танып, ішінде қандай заттар мен қанша ақша болғанын өзі айтып берді. Әмиянын қайтарып алып, қатты қуанды. Қуанышында шек болмады», – деді Ернар Базаров.
Полиция өкілдері мұндай игі істердің өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор екенін атап өтті.
Жанбибі ЖЕКСЕМБАЙ, Атырау

