Тоғыз вагоннан тұратын пойыз күнара қатынайды. Жаңартылған құрам Астанадан алғашқы рейсін 2026 жылғы 23 қарашада «Нұрлы жол» вокзалынан бастайды. Ал Атыраудан жаңа вагондар 25 қарашада жолға шығады.
Купе вагонында 40, ал плацкарт вагонында 56 орын бар. Жолаушыларға климаттық бақылау жүйесі, жеке жарықтандыру, 220 вольттық розеткалар, бейнебақылау камералары, жүк сөрелері мен буфет қызмет көрсетеді. Қозғалысы шектеулі жандарға да арнайы жағдай қарастырылған. Сондай-ақ №4 вагондағы «Әйелдер вагоны» қызметі сақталады. Онда билеттер тек әйелдерге сатылады. Әйелдермен бірге 7 жасқа дейінгі ұл балалар да жүре алады.
Қазақстанда швейцариялық «Stadler» компаниясының технологиясымен шығарылған вагондардан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы қараша айының басында «Нұрлы жол» вокзалынан жолға шыққан болатын.
Жаңа вагондарды бағыттарға қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Бастапқыда көп миллиардтық несие қаражаты есебінен сатып алынатын вагондар 2026 жылдың мамыр айында желіге шығарылады деп жоспарланған. Кейін жеткізу мерзімінің кешіктірілгені белгілі болды. «Қазақстан темір жолы» компаниясы бұған техникалық талаптарға сәйкессіздіктердің анықталуын себеп еткен. Премьер-министр Олжас Бектенов вагондарды жеткізуді жеделдетуді тапсырған еді. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі вагондар биыл жолға шығатынын мәлімдегенімен, нақты мерзімін айтпаған.
Қыркүйек айында «Штадлер Қазақстан» компаниясы айдың соңына дейін «Stadler» технологиясымен Қазақстанда шығарылған 75-тен астам жолаушылар вагоны «Жолаушылар тасымалы» АҚ теңгеріміне қабылданғанын хабарлаған.

