CaspianLife, 18 қараша. 2026 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында Батуми мұнай терминалы арқылы мұнай және мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу көлемі 2,5%-ға өсіп, 1 млн 572 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,5 мың тоннаға артық. Терминал «ҚазТрансОйл» компаниясына тиесілі және оның шетелдегі активі саналады.
Көрсеткіштің өсуіне шикі мұнай мен авиациялық керосинді ауыстырып тиеудің қайта жандануы, сондай-ақ бензин көлемінің артуы әсер еткен. Есепті кезеңде терминал арқылы 262,7 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалданған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл бағытта мұнай жеткізілмеген.
Бензинді ауыстырып тиеу көлемі 316,5 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 75,4 мың тоннаға немесе 31,3%-ға көп.
Ең жоғары өсім авиациялық керосин бойынша тіркелді. Оның көлемі 53,5 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 50,7 мың тоннаға артқан. Яғни көрсеткіш 19 еседен астам өскен.
«ҚазТрансОйл» компаниясының мәліметінше, терминал жұмысының нәтижелері оның халықаралық жүк ағынын қамтамасыз етудегі және Қазақстан мен Грузия арасындағы көлік-логистикалық байланысты нығайтудағы маңызды рөлін көрсетеді. Бұған ауыстырып тиелетін жүк түрлерінің көбеюі мен операциялық тиімділіктің артуы ықпал еткен.
Айта кетейік, Батуми мұнай терминалы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 100 пайыз еншілес ұйымы саналады. Компания Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік етіп, олардың жұмысын басқарады.
Фото: 1tv.ge

