CaspianLife. 16 қараша. Ақтөбе қаласында жеке тұрғын үйлердің бірінен оқ жарақатын алған ер адамның мәйіті табылды. Облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздестіріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс жасаған адам үйден бағалы заттарды алып кеткен.
Әлеуметтік желілерде марқұмның 49 жастағы кәсіпкер болғаны туралы ақпарат тарады.
Оқиға болған маңдағы көршілер таңертең бірнеше рет атылған оқтың дауысын естіген. Олардың бірі шамамен сағат 7:30–7:40 аралығында үш рет қатты дыбыс шыққанын, алайда оның оқ дауысы екенін бірден аңғармағанын айтады.
Ол кезде дала әлі қараңғы болғандықтан, көршілерінің бірі отшашу атқан шығар деп ойлаған. Дегенмен таңғы уақытта мұндай дыбыстың шығуы оған оғаш көрінген. Оның айтуынша, дыбыс жаңғырықсыз, өзгеше естілген.
Кейін ол жұмысқа кеткен. Біраз уақыттан соң әпкесі хабарласып, көршісінің атып өлтірілгенін жеткізген.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

