CaspianLife. 16 қараша. Ұлыбритания «СИБУР Холдинг» компаниясын санкциялық тізімге енгізді. Өнеркәсіп саласының сарапшысы Олжас Байдилдинов LS басылымына берген сұхбатында бұл шешімнің Қазақстанға ықтимал әсері туралы пікір білдірді. Себебі компанияның еліміздегі екі ірі мұнай-газ химиясы жобасында үлесі бар. Атап айтқанда, полипропилен өндіретін KPI зауытындағы үлесі – 40%, ал салынып жатқан полиэтилен зауыты «Силлено» жобасындағы үлесі – 30%.
Сарапшының айтуынша, осы уақытқа дейін СИБУР компаниясының өзі санкциялық шектеулерге ілікпеген. Бұған дейін компанияның жекелеген басшыларына қатысты жеке санкциялар енгізіліп, кейін олар басқару органдарынан кеткен.
«Енді, әрине, осыған байланысты тәуекелдер қайта бағаланады», – деді сарапшы өзінің «Байдильдинов. Нефть» Telegram-арнасында.
Оның болжамынша, полипропилен сатып алушылар өнімді алудан тартынуы немесе жеңілдікті көбейтуді талап етуі мүмкін. Дегенмен KPI зауыты өнімінің басым бөлігі Қытай нарығына жөнелтілетіндіктен, бұл жағдай өнім өткізуге тікелей айтарлықтай әсер етпеуі ықтимал. Ал сарапшының пікірінше, «Силлено» жобасы үшін тәуекел әлдеқайда жоғары. «ҚазМұнайГаз» және қытайлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба қаржыландыру тарту, технология алу және қажетті жабдықтарды сатып алу кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
«Қаржыландыру толығымен акционерлер мен қытайлық құрылымдардың есебінен қамтамасыз етілген күннің өзінде технологияларға, лицензия берушілерге және жабдық жеткізуге қатысты мәселелер туындайды. Мысалы, Еуропада ғана өндірілетін Siemens турбиналары немесе басқа да арнайы жабдықтар қажет болуы мүмкін. Егер жобаға тек еуропалық жабдықтар сәйкес келсе, бұл да тәуекел тудырады», – деп түсіндірді Олжас Байдилдинов.
Сарапшының болжамынша, компания акционерлеріне бизнес-модельдерді қайта қарап, тиісті шешімдер қабылдауға тура келеді. Дегенмен Ұлыбритания енгізген санкциялар АҚШ немесе Еуропалық одақтың шектеулерімен салыстырғанда ауқымы жағынан әлдеқайда тар болуы мүмкін. Егер СИБУР АҚШ-тың санкциялық тізіміне енсе, компанияға қысым айтарлықтай күшейер еді.
«Әзірге бұл тек бастамасы болуы мүмкін деп айтуға болады. Өйткені, әдетте, алдымен жекелеген елдер санкция енгізеді, содан кейін ғана толық бұғаттау шаралары қолданылады. Әзірге мұның жақсы нышан емес екені анық. Санкциялық текетірес Қазақстанға тікелей шектеулер арқылы да, жабдықтар, лицензиялар, технологиялар мен өнім өткізу құнының қымбаттауы арқылы да әсер етеді», – деп түйіндеді Олжас Байдилдинов.
Айта кетейік, «Силлено» жобасына «ҚазМұнайГаз» (29,9%), СИБУР (30%), Sinopec (30%) және KMG PetroChem (10,1%) қатысады. Ал KPI кәсіпорнының акционерлері – «ҚазМұнайГаз» (49,5%), СИБУР (40%), SK Ondeu (9,5%) және «Фирма Алмэкс Плюс» (1%).
Дереккөз: LS
Фото: the-tenge.kz

