CaspianLife. 16 қараша. Корейлік Samsung E&A компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытын кеңейту жобасының жобалық құжаттамасын әзірлеуге қатысуы мүмкін. Бұл мәселе Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен компанияның сату және бизнесті дамыту жөніндегі атқарушы вице-президенті Роберт Юннің кездесуінде талқыланды.
Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар кореялық инжинирингтік компанияның зауыттың мұнай өңдеу қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін арттыруға арналған жобалық құжаттаманы (FEED) әзірлеуге қатысу мүмкіндігін қарастырған.
«Кездесу барысында мұнай өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, соның ішінде Қазақстандағы қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта кореялық компанияның Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін арттыру жобасы бойынша жобалық құжаттаманы (FEED) әзірлеуге қатысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – делінген хабарламада.
Асхат Хасеновтің айтуынша, ұлттық компания үшін оңтүстіккореялық әріптестердің мұнай өңдеу және мұнай-химия өндірістерін жобалау мен салу бағытындағы тәжірибесі ерекше маңызды. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» делегациясы Сеул қаласындағы Samsung E&A компаниясының бас кеңсесіне барып, оның негізгі жобалары мен технологиялық шешімдерімен танысқан болатын. Сапар қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін растады.
Еске салайық, Қазақстан 2040 жылға қарай мұнай өңдеу қуатын жылына 40 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Энергетика министрлігі жобаны жеделдетіп, жаңа зауытты 2033 жылға дейін іске қосуды көздеп отыр. 2026 жылдың ақпанында кәсіпорын құрылысының құны 10 миллиард доллар болуы мүмкін екені хабарланған.
Үкімет төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға басымдық берілетін алаңды да анықтады. Оның нақты орналасатын жері 2026 жылдың соңына дейін белгілі болады.
Дереккөз: Kapital.kz

