CaspianLife, 16 қараша. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев денсаулығына байланысты 9 қарашадан бастап өз лауазымынан босатылды. Ол бұл жауапты қызметті 2024 жылдың мамыр айынан бері атқарып келген болатын.
Құрманғазы Есқазиев – отандық мұнай-газ саласының дамуына 40 жылдан астам ғұмырын арнаған білікті геолог-мұнайшы, геология-минералогия ғылымдарының докторы және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Еңбек жолын қарапайым мұнай өндіру операторы болып бастаған ол кәсіби өсудің барлық сатысынан өтіп, әр жылдары «Ембімұнайгаз», «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» және «Kalamkas-Khazar Operating» компанияларына басшылық етті. Оның тікелей жетекшілігімен елімізде геологиялық барлау жұмыстары қарқын алып, ресурстық база толықтырылды, сондай-ақ Каспийдің теңіз кен орындарын игеру мен саланы цифрландыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

