CaspianLife. 16 қараша. Марат Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін Марат Ирменов ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Жаңа тағайындауына байланысты ол бұрынғы лауазымынан босатылды.
Сонымен қатар ҰҚК төрағасы қызметінен 2022 жылдың қаңтарынан бері ведомствоны басқарған Ермек Сағымбаев босатылды. Ол 1967 жылы 11 қазанда дүниеге келген. ҰҚК-ге келгенге дейін Президенттің Күзет қызметінде жұмыс істеп, Мемлекеттік күзет қызметін басқарған.
Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҰҚК институтын, ал 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған.
1996–2000 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел қызметтерде жұмыс істеген. Кейін 2025 жылға дейін осы құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2025 жылғы 25 қазанда ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
2019 жылы Президент жарлығымен ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілген. Сондай-ақ ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған. ҰҚК-нің құрметті қызметкері.
Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отынышиевті және басқа да тұлғаларды сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікпен ұстаған болатын. Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы арнайы мәлімдеме жасады.
13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының санын күрт азайту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сол күні Мемлекет басшысына ҰҚК төрағасы ведомствоның жыл басынан бергі негізгі жұмыс нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берді. Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ кибер және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

