CaspianLife. 13 қараша. Маңғыстау облысының Құрық ауылында зақымданған құбырдан кәріз суы жер бетіне жайылған. Бұл туралы тұрғындардың шағымынан кейін тексеру жүргізген облыстық Экология департаменті хабарлады.
Lada.kz редакциясына ауыл тұрғыны хабарласып, жергілікті жағажай маңында жағымсыз иіс шығып, ағын судың теңізге қарай ағып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, ол итін серуендету үшін жағалау бойымен жиі жүреді. Бірде серуендеп жүргенде теңізге қарай ағып жатқан судан өткір жағымсыз иіс сезген.
«Ағын су балалар алаңының дәл жанынан өтіп жатыр. Иісіне қарағанда, бұл – кәріз суы. Экологтар мен жергілікті билік қайда қарап отыр?» – деп шағымданған тұрғын.
Тұрғындардың өтінішінен кейін департамент мамандары аумаққа кезектен тыс мониторинг жүргізген. Нәтижесінде құбырдың зақымданғаны және одан судың жер бетіне шығып жатқаны анықталған. Су сынамалары зертханалық талдауға жіберілді. Зерттеу қорытындысы сұйықтықтың кәріз суы екенін растаған.
Сонымен қатар ведомство мамандары құбырдың кімнің меншігінде екенін анықтады.
«Құбырдың иесі – Қарақия ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі екені анықталды. Экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін бөлім басшылығын жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша департамент тарапынан прокуратураға хат жолданды. Бұл мәселе департаменттің бақылауында», – деп хабарлады ведомстводан.
Департамент өкілдерінің мәліметінше, ақау жойылып, су ағуы тоқтатылған.
Дереккөз: Lada.kz

