Атыраулық жүргізушілердің асыға да, қорқа да күтіп жүрген «Сергек» камералары 10 қыркүйектен бастап айыппұл салуды бастайды. Мұнайлы шаһардағы 3 мың ақылды камера жол ережесін бұзғандарды қалт жібермей, анықтап отырмақ.
Қырағы камералардың 774-і қоғамдық қауіпсіздікті бақылайды. Яғни, мектеп, саябақ, вокзал, әуежай, аурухана сияқты қоғамдық орындарда орнатылған. Ал көше қиылыстарындағы 750 камера жылдамдықты асыру, тоқтау жолағы мен 15 метрге дейінгі үзіксіз сызықты кесу секілді ережебұзушылықты анықтайды. Тек жылдамдықты қадағалауға арналған 614 камера ұзын көшелерде орналасқан.
Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Қазір «Сергек» камералары 153 жолда және 51 көше қиылысында орналасқан. Олар қазірден бастап нақты жұмысқа кірісті. Бірақ айыппұл салу осы айдың 10-ынан бастап жүргізіледі. Бұл – Атыраулықтарға алдын ала ескерту.
Сонымен қатар, айыппұл автоматты түрде жіберілмейді. Егер жүргізуші келіспей, даулы мәселе туындаса, арнайы бекітілген полиция қызметкері фактіні қайта тексеріп, өзінің электронды қолтаңбасы арқылы шешімге қол қоя алады.
Мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасымен қолға алынған бастама жақын арада өз жұмысын бастайды. Айыппұлдан түскен әр тиын бюджетке түспек.