Әдеби жанрдың оқырмандары темір тордың ар жағынан да табылды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Атыраудағы әйелдер колониясына жүздеген дана кітап тарту етті.
Тартылған туындылардың мазмұнына да ден қойылған – басым бөлігі психологиялық және мотвациялық бағыттарда. ЖОО ректорының айтуынша, қазіргідей қиын сәтте қолдау бәріне қажет.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА, С.Өтебаев атындағы АтМГУ ректоры:
– Дағдарыс қоғамның прогрессивті бөлігінен бұрын бас бостандығынан айырылған әйелдер үшін қиынға соғуда. Сондықтан жоғары оқу орны ретінде біз әйелдерге көмек көрсетуді мақсат етіп қойдық.
Темір торға түскендер жақында онлайн режимде тіл үйрену курстары мен кәсіпкерлік тренингтерге қатысып, психолог кеңесін ала алады. Бұл жұмыстарды университет мамандары жүргізбек. Идея авторлары бастаманың бостандыққа шыққан әйелдердің бейімделуіне септігін тигізетінін айтты.
Болашақ серіктестіктің белгісі ретінде ЖОО мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің арасында меморандумға қол қойылды. Бүгінде әйелдер колониясында 130-дан аса адам жазасын өтеуде. Олардың ең жасы – 20-да, ал үлкені алпысты алқымдаған.