CaspianLife. 5 қараша. Құрылтай депутаты Бегалы Ералиев газ қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуді талап етті. «QazaqGaz» мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда табиғи газды пайдалану кезінде 1 337 адам иіс тиіп зардап шеккен. Олардың 294-і көз жұмған. Осыған байланысты депутат Үкіметке сауал жолдап, вице-премьер Қанат Бозымбаевқа жүгінді.
Жылыту маусымында газдан улану қаупі арта түседі. Депутатты әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердегі газ жабдықтарының жай-күйі алаңдатады.
Бегалы Ералиевтің айтуынша, көпқабатты үйлердегі пәтерішілік газ жабдықтарының ақауы бір ғана пәтердің емес, тұтас үй тұрғындарының өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар ескі көпқабатты үйлердегі мұржалар мен желдеткіш арналарының уақытылы тексеріліп, тазаланбауы да газдан улану қаупін арттырады.
Депутат негізгі мәселелердің бірі ретінде сервистік ұйымдардың жұмысын атады. Оның сөзінше, кейбір компаниялар жабдықты тексеруді қағаз жүзінде рәсімдеп, тұрғындардан ақы жинаумен ғана шектеледі. Ал кейбір абоненттер мамандарды үйіне кіргізбейді және анықталған ақауларды жоюға асықпайды. Соның салдарынан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, қайғылы жағдайларға жол ашылады.
«Кейбір тұрғындар техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасудан, ақы төлеуден немесе мамандарды үйіне кіргізуден бас тартады. Анықталған ақауларды жою жөніндегі талаптар да жиі ескерусіз қалады. Алайда бір тұрғынның қауіпсіздік ережелерін сақтамауы өзгелердің өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, оларды уақытылы тексеру және ақауларды жоюдың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет», – деп атап өтті депутат.
«Әділет» партиясының өкілі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету сапасын тексеріп, мұржалар мен желдеткіш арналарының уақытылы тазалануын бақылауға алуды ұсынды. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуді талап етті.
Бұдан бөлек, Бегалы Ералиев тексерулер мен жөндеу жұмыстарының бірыңғай цифрлық есебін енгізуді ұсынды. Онда анықталған ақаулар, оларды жою мерзімдері және жауапты тұлғалар туралы мәліметтер тіркелуі тиіс.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

