CaspianLife. 5 қараша. Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазақстанның Бас прокуратурасы жақын арада тергеу материалдары процеске қатысушыларға танысу үшін ұсынылатынын хабарлады.
Қылмыстық істі тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жалғастырып жатыр. Қадағалау органының мәліметінше, тергеушілер қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін бірқатар тергеу амалдарын жүргізген. Атап айтқанда, 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалып, өткізілген.
Бас прокуратура қызметтік міндеттеріне салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға қамауға алынғанын еске салды. Олардың қатарында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары бар.
Сондай-ақ екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері және катер капитаны да ұсталған.
Ведомство тергеудің өзге де егжей-тегжейін жарияламады. Бұған заң талаптарын негіз еткен.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында», – деп мәлімдеді ведомство.
Источник: «Курсив»

