CaspianLife. 18 қыркүйек. Исатай ауданында облыстық Әділет департаментінің ұйымдастыруымен «Тегін заң көмегі» акциясы өтті. Бастаманың мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң мәселелері бойынша қолжетімді кеңес беру.
Акция аясында тұрғындар атқарушылық іс жүргізу, нотариат, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, жер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша мамандардан кеңес алды. Құқықтық көмек Аққыстау, Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінде ұйымдастырылды.
Тұщықұдық ауылының тұрғыны Ибрайм Сүлейменов акция барысында үш маманға жүгініп, көкейіндегі сұрақтарына жауап алғанын айтады. Оның сөзінше, мұндай бастаманың ауылдық жерде өтуі тұрғындарға қолайлы. Себебі құқықтық кеңес алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ.
Атырау облыстық Әділет департаментінің басшысы Гүланда Қыстаубаеваның айтуынша, департаментке түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі атқарушылық іс жүргізуге қатысты. Оның сөзінше, мұндай өтініштер сот орындаушыларының әрекеті мен әрекетсіздігіне, несие рәсімдеуге, алаяқтық салдарынан туындаған мәселелерге және әлеуметтік маңызы бар істерге байланысты.
Департамент мамандарының мәліметінше, биыл заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 482 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал ресми құжаттарға апостиль қою қызметін 3 мыңнан астам адам пайдаланған.
Атқарушылық іс жүргізу саласында 9 мемлекеттік және 79 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олардың өндірісінде алимент өндіруге қатысты 11 мыңнан астам атқарушылық құжат бар. Соның ішінде 321 құжат жалпы сомасы 444,9 миллион теңгені құрайтын проблемалық санатқа жатады.

