CaspianLife. 30 қазан. Ақтөбе қаласындағы оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер екі айдан бері көрсеткен қызметтері үшін ақы ала алмай отыр. Қарыздың өтелмегеніне наразы болған олар облыстық прокуратура ғимаратының алдына жиналды. Кәсіпкерлердің айтуынша, оқу жылы басталғалы атқарған жұмыстарының ақшасы әлі күнге дейін төленбеген. Ал азық-түлік жеткізушілер тауарды қарызға беруден бас тартқан.
Жағдайдың қиындауына алдағы жұмыс ауысымының басталуы да себеп болып отыр.
«2 қарашадан бастап жаңа жұмыс ауысымы басталады. Ал бізде жеке қаражаттың бәрі таусылды. Несие алдық, тіпті бағалы заттарымызды ломбардқа өткізуге мәжбүр болдық», – дейді кәсіпкер Шолпан Тастыбаева.
Оның айтуынша, миллиондаған теңгеге азық-түлік сатып алынған, енді сол тауарлардың ақысын да төлеу қажет. Алайда көтерме саудагерлер бұдан былай өнімді қарызға бермейтінін жеткізген. Тастыбаева қызмет көрсететін мектептердің бірінде шамамен 1 500 оқушы бар.
«Бір күнде осыншама оқушыны тамақтандыруға қанша қаражат кететінін елестетіп көріңіздер», – деді ол.
Жалпы, кәсіпкерлер облыс бойынша 60 мыңнан астам оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұл салада мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар да екі айдан бері жалақы алмаған. Кәсіпкер Зульфия Кенжинаның айтуынша, қыркүйек пен қазан айларына арналған төлем құжаттары әлі күнге дейін жабылмаған. Соның салдарынан кәсіпкерлер қарызға батқан.
«Аспаздар күн сайын хабарласып, жалақыларын талап етіп жатыр. Біз оларға не айтарымызды білмейміз. Тіпті, ақша төленбесе, жұмысқа шықпайтынын ашық айтып отыр», – деді ол.
Ақтөбе облысының білім басқармасы төлемдердің кешігуін қаржылық рәсімдермен түсіндіріп, кәсіпкерлермен алдағы күндері толық есеп айырысуға уәде берді. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, мектептегі тамақтандыру қызметін жеткізушілер алдындағы берешекті өтеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қажетті қаржылық рәсімдер қазір аяқталуға жақын.
Кәсіпкерлер облыстық прокуратураға ұжымдық өтініш жолдаған. Олар берешек толық өтелгеннен кейін оқушыларды тамақтандыру жұмысын жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: kyzylorda-news.kz

