CaspianLife. 29 қазан. Бүгін таңертең Атырау қаласының «Авангард-2» шағынауданында үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан қазандықта жарылыс болды. Оқиға салдарынан өрт шыққан жоқ. Бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жедел жетті. Сондай-ақ мұнда полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан қазандықтан 12 метр қашықтықта орналасқан көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің терезелері зақымданып, екі жеңіл автокөлікке де зиян келген.
Осы шағынаудандағы №15 үйдің тұрғыны Жазира Жәрдемова бұл үйде 27 жылдан бері тұратынын және мұндай жағдайдың алғаш рет болғанын айтады. Оның сөзінше, оқиға таңғы сағат 9:15 шамасында болған.
«Алдымен үйдің бәрі дірілдей бастады. Содан кейін қатты гүрсіл естілді. Айналама қарасам, біртүрлі иіс шықты. Жатын бөлмеге қарай жүгіргенімде, балалар оянып кетті. Есікті ашқанда түтіннің иісі сезілді. Үй қатты шайқалды. Терезе алдындағы гүлдерім құлап қалды. Тіпті жуынатын бөлмедегі үш-төрт кафель плиткасы түсіп қалды. Бәрі қатты дірілдегені сонша, терезелердің торлары да ұшып кетті», – дейді Жазира Жәрдемова.
1973 жылы туған ер адам сағат 11:00 шамасында ауыр жағдайда Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөліміне жеткізілген. Бөлім меңгерушісі Еркін Ербөлеков науқастың диагнозы мен жағдайы туралы мәлімет берді.
«Науқастың диагнозы – бірнеше жарақат, беті мен жоғарғы аяқ-қолдарының күйігі және ашық бас-ми жарақаты. Қазір ол нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», – деді Еркін Ербөлеков.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Дана ТЕМІРҒАЛИЕВА, Атырау

