CaspianLife. 29 қазан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің даму қарқынына басымдық берді. Мемлекет басшысы қолда бар әлеуетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және әр өңірді абаттандыруға бағыттауды тапсырды. Үкімет инфрақұрылымды дамытудың ауқымды жоспарын әзірлейді. Оны іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделіп отыр.
Арнайы бағдарлама аясында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары жекелеген қалаларда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде салынады. Президент республикалық, облыстық, аудандық және ауылдық маңызы бар жолдардың сапасына ерекше назар аударды. Енді олардың жай-күйіне Үкімет жауап береді. Бұл Көлік министрлігінің жауапкершілігін де арттырады. Қасым-Жомарт Тоқаев жауапкершілікті бір-біріне ысыра беруге болмайтынын атап өтті.
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, кейбір мемлекеттік органдардың жауапкершіліктен жалтаруына енді жол берілмеуі керек.
«Облыс әкімі жауапкершілікті аудан әкіміне, ал ол ауыл әкіміне ысырады. Бұл тәжірибені тоқтататын уақыт келді. Халық мемлекеттен нақты нәтиже күтеді. Үкіметте жол сапасына бір нақты орган жауап беруі керек», – деді депутат.
Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе – салық салу жүйесі. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің дамуына кедергі келтірмейтіндей етіп заңнаманы жетілдіруді тапсырды. Сонымен қатар аса ауқатты азаматтарға арналған арнайы салық режимін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Ірі капитал иелеріне арналған жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын», – деді Президент. Депутаттар бұл мәселені жедел қарастыруға дайын екенін жеткізді. Құрылтай депутаты Айдос Сарым байлықтың өздігінен жаман құбылыс емес екенін атап өтті. «Байлық – жамандық емес. Керісінше, ауқатты адамдар салық төлеп, қазынаны толтырады. Ең бастысы – капитал мен инвестиция елден кетпейтіндей етіп, бұл үдерісті дұрыс реттеу», – деді ол.
Ал депутат Әбілхайыр Тамабектің пікірінше, салық әділ болуы керек.
«Салық орта тапқа немесе В санатындағы азаматтарға емес, аса жоғары табыс табатын адамдарға салынуы керек. Әңгіме табысы ең жоғары санаттағы азаматтар туралы болып отыр», – деді депутат.
Президент кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндік пен адал бәсекелестікті қамтамасыз ету қажеттігін де айтты. Бұл талаптар, әсіресе, шағын және орта бизнеске қатысты. Қазір олардың барлығы бірдей сақталып отырған жоқ. Отандық өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласында, түрлі кедергілерге тап болады. Импорттық тауарлардың құны жасанды түрде төмендетіліп, қазақстандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуына шектеулер қойылады. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлықтың көрінісі болып саналады және оған тосқауыл қою қажет.
Құрылтай депутаты Олжас Куспеков шағын бизнесті қолдау мәселесіне де тоқталды.
«Салық жүктемесінің артуы шағын және орта бизнеске белгілі бір қиындықтар туғызады. Экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу және ауылдық жерлердегі жұмыс орындарын сақтау мақсатында шағын бизнесті қолдау шарасы ретінде 2027 жылдан бастап үш жылдық мораторий енгізіледі», – деді ол.
Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және өнімді терең өңдеу технологияларын кеңейту мәселелері де қамтылды. Үкімет пен Құрылтай енді Жолдауда белгіленген басым бағыттарды іске асыруға кіріседі.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

