CaspianLife. 29 қазан. «Қазақия» қоғамдық қоры биыл мамыр айында Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Жаңа белес» жобасын жүзеге асыруды бастады. Жоба Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен жасалған меморандум аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – жазасын өтеп жатқан азаматтарды қоғамға бейімдеу, ұлттық қолөнерді үйрету және бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау.
Жоба аясында №79 әйелдер түзету мекемесінде 100-ден астам азаматша ұлттық қолөнер түрлерін меңгеріп, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасады. Ал тамыз айынан бастап №15 ерлер түзету мекемесінде 100-ден астам азаматқа арналған бес бағыт бойынша оқыту және тәжірибелік шеберлік сабақтары өткізілді. Сабақ барысында қатысушылар қолөнерге қажетті материалдармен танысып, бұйымдарды жасау тәсілдерін үйренді. Сондай-ақ ұлттық ою-өрнектің мәні мен ерекшеліктерін меңгерді.
Жоба соңында қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Олар алған білімдерін болашақта кәсіп ашуға, өздерін жұмыспен қамтуға және қоғамға пайдасын тигізуге қолдануға болатынын атап өтті. Қатысушылар осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасуына тілектестік білдірді.
«Жаңа белес» жобасы жазасын өтеушілердің жаңа дағдыларды игеруіне, еңбекке бейімделуіне және қоғамға қайта оралуына қолдау көрсетуге бағытталған.


