CaspianLife. 23 қазан. Гаагадағы халықаралық арбитраж Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына қатысты Қазақстанның талаптарының едәуір бөлігін қарауға жатпайды деп таныған. Жалпы сомасы шамамен 20 млрд доллар болатын талаптың 12 млрд долларға жуығы осы шешімге іліккен. Бұл туралы Bloomberg агенттігі істің барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, бұған талап қою мерзімінің өтіп кетуі себеп болған. Олардың мәліметінше, арбитраж Қазақстан билігінің 2011–2015 жылдарға қатысты қаражатты өндіріп алу жөніндегі талаптарын тым кеш ұсынғанын алға тартқан. Ал қалған шамамен 8 млрд доллар көлеміндегі талаптар күшінде қалдырылған.
Алайда Bloomberg бұл ақпаратты ресми түрде растай алмаған. Халықаралық арбитраж да, Қазақстанның Энергетика министрлігі де, NCOC консорциумы мен оның жекелеген қатысушылары да мәліметке қатысты түсініктеме бермеген.
Бұған дейін агенттік ExxonMobil компаниясының NCOC пен Қазақстан үкіметі арасында экологиялық айыппұлға қатысты бітімге келуіне қарсы шыққанын хабарлаған еді. Айыппұл көлемі 2,356 трлн теңге немесе 5,2 млрд доллар болған.
Дереккөз: Forbes.kz

