CaspianLife. 23 қазан. Абай облысының Семей қаласында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында өткен спартакиадада Атырау облысының құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Өңір намысын қорғаған команда спорттың бес түрі бойынша бақ сынап, оның төртеуінен бірінші орын иеленді.
Атап айтқанда, атыраулық әріптестер үстел теннисі, волейбол, киберспорт және футболдан қарсыластарынан озып шықты. Ал тоғызқұмалақтан екінші орын алған команда жалпыкомандалық есепте көш бастап, Гран-при иегері атанды.
Бұл жеңіс командалық бірліктің, ұйымшылдықтың, спортқа деген қызығушылық пен жеңіске деген жігердің нәтижесі болды. Әртүрлі салада еңбек ететін журналистер мен медиа мамандарының бір командаға бірігіп, өзара қолдау көрсетуі жарыс барысында маңызды рөл атқарды.
Атырау облысының намысын қорғаған делегация құрамында:
- Әли Жайшылықұлы — «Атырау-Ақпарат» ЖШС қызметкері;
- Нұрислам Ғұмар — «Азаматтық орталық» КММ медиа бөлімінің жетекшісі;
- Айбек Өтемісов — «Caspian News» телеарнасының аға операторы;
- Арман Саленов — Өңірлік коммуникациялар қызметінің бейнетүсірілім және графикалық дизайн бөлімінің маманы;
- Қазбек Айтқалиев — «Жайық шұғыласы» газетінің тілшісі;
- Алмас Текешов — «Атырау-Ақпарат» ЖШС жүйелік бағдарламашысы;
- Қайсар Жетпісбаев — «Прикаспийская коммуна» газетінің дизайнері;
- Бекарыс Төлеген — «Атырау-Ақпарат» ЖШС SMM және контент бөлімінің маманы;
- Гүлден Қабасова — «Caspian News» телеарнасының бейнемонтаждаушысы;
- Жанаргүл Бисенова — «Caspian News» телеарнасының веб-редакторы;
- Ақнұр Дүйсенғали — Қызылқоға ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Отбасын қолдау орталығы КММ баспасөз хатшысы.
Атыраулық медиакоманданың бұл жетістігі өңір журналистері мен медиа мамандарының спорттағы белсенділігін және ауызбіршілігін тағы бір мәрте көрсетті.


