Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар шамамен 237 мың бала тіркелген. Олардың оқуына 6,5 мыңға жуық педагог-ассистент қолдау көрсетеді. Бұл мамандар балаларға сабақ барысында көмектесіп қана қоймай, олардың құрдастарымен қарым-қатынас жасауына, ұжымға бейімделуіне және өз бетінше әрекет ету дағдыларын дамытуына ықпал етеді.
Айнагүл Балташеваның айтуынша, педагог-ассистенттердің жұмысына қатысты нормативтік талаптар мен еңбекақы төлеу мәселелері әлі де толық реттелмеген.
«Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, білім беру ұйымдарында 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, мыңдаған баланың тағдыры мен болашағына қатысты ортақ жауапкершілігіміз. Педагог-ассистент — баланы жай ғана ертіп жүретін маман емес. Ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың оқуына, әлеуметтенуіне, өзіне деген сенімі мен дербестігін қалыптастыруға кәсіби қолдау көрсетеді. Соған қарамастан, олардың жұмыс жүктемесі мен еңбекақысын реттейтін нормативтік мәселелер әлі күнге дейін шешілмеген», — деді депутат.
Депутаттың сөзінше, нақты әрі бірыңғай нормалардың болмауы салдарынан өңірлерде педагог-ассистенттердің жұмыс уақыты әртүрлі есептеледі.
«Бұған дейін педагог-ассистенттердің жалақысын есептеу кезінде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазір нормативтік реттеудегі белгісіздікке байланысты өңірлерде жұмыс уақыты әртүрлі есептеледі. Бұл кадрлардың тұрақтамауына және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін көмектің сапасына тікелей әсер етеді», — деп атап өтті Айнагүл Балташева.
Депутат педагог-ассистенттердің баламен тікелей жұмыс істейтін уақытын сабаққа дайындалуға, мұғалімдермен бірлесіп жұмыс істеуге және құжаттарды толтыруға жұмсалатын уақыттан нақты ажырату қажет деп санайды. Оның пікірінше, еңбек жағдайларының тұрақсыздығы балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына кері әсер етеді.
Инклюзивті білім берудің басты мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар әрбір баланың білім алуына ғана емес, қоғамға еркін араласып, толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік жасау.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

